Новости » КГУ "Общеобразовательная школа №20"
Алматы қаласы Білім басқармасының
"№20 жалпы білім беретін мектеп"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі:
+7(727) 393-26-02
Есепші бөлімі:
+7(727) 385-60-58
Нашар көрушілер
нұсқасы
04
желтоқсан
2018

Новости

Сабақтың тақырыбы: Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет

Сабақтың мақсаты: Оқушыларды ұстаздарды, Аягүл Төреқызының  тәрбиесі мен еңбегін дәріптеуге, ұстазды құрметтеу мен сыйлауға тәрбиелеу. Білім мен біліктілік ұстаз еңбегінен бастау алатынын оқушы санасына жеткізу.


Данышпан да, дана да оқып сенен,
Атақ-даңқын асырды бар әлемнен.
"Ұстаз” деген аяулы, асыл жанды,
Жақсы көрем, арнаймын жақсы өлең!

 

 

 

 

 

Өмірде  мамандықтың түрі көп. Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Дәрігер адамдарды емдесе, мұғалім оларды оқытады, әнші ән айтады, құрылысшы үй салса, тігінші киім тігеді. Тағы басқа да мамандықтар туралы айта беруге болады. Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен. Ұстаз — таудан арқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз — Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса да, еш өзгеріссіз сол бәз баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттердің дәнін еккен диқаншы.

Ұстаз болу адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Ендеше осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған , Қазақстанның Еңбек ері, «Алтын жұлдыз» медалі  мен «Отан» орденінің иегері, Алматы қаласындағы                  Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның директоры Аягүл Төреқызы Миразова апайымыздың бойынан осы қасиеттердің бәрі танылады. Ұстазға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артықтық етпейді.

Ақ жүрекпен сезіп «Ұстаз бақытын»,

Шәкіртімен өткен барлық ғұмыры.

Сізге арнаймыз тілектің ең жақұтын,

Даңқыңыздың биік болсын тұғыры, —

деп, шын жүректен тілек тілейміз Аягүл Төреқызына.

Әл-Фараби: «Ұстаз… Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы керек»,-деген. Осы Әл-Фараби атамыз «ұстаздар қандай болу керек?» деген тұжырымынан біз Аягүл Төреқызының бейнесін көреміз. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаз – Аягүл Төреқызының еңбегі зор. Сондықтан да Аягүл апайдың жарқын бейнесі әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.

Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы былай деген: "Ұстаздық — ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”.Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстазымыз Аягүл апайымыздың жөні де, жолы да бөлек. "Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбегінің жанғаны күн–түн демей ел баласы үшін төккен терінің арқасы екендігін баршамыз мойындаймыз.

Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің  жыл сайынғы халыққа Жолдауына ел көлеміндегі ең басты, өзекті мәселелердің бірі — қоғамдағы мұғалімдер мәртебесін айқындау. « Келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң әзірлеп қабылдау қажет деп санаймын. Бәрі мектептен басталады. Отбасынан кейінгі тәрбие мектепте қалыптасады. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген қанатты сөздің аясында осы ұлық тәрбиенің бәрі тұнып тұр. Мұғалім – қоғамның тамыршысы, бағыт-бағдар беруші адам, ұлы тұлға. Әлі күнге дейін мұғалім көрсек именіп тұра­тынымыз, мектеп табалдырығын аттаған сайын сол бала күнгідей ерекше көңіл-күйді, толқуды бастан кешетініміз содан. Мектеп – ұлт рухын тербеп тұрған киелі бесік. Мектеп – алтын ұя. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Отбасынан, мектеп­тен алған тәрбие, тағылым бұл сіздің өмірі­ңізге берілген ең алғашқы жолдама, рухани талшық. Педагогикадан арнайы оқулық жазған Алаштың күн келбетті көркем ақыны, ардағы Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» деп тегін айтпаса керек. Біз бүгінде мұғалім, ұстаз атына сол сөз биігінен қарауымыз керек». Елбасының сөзі ойымызға зор серпін, қуат береді. Мұғалім озық ойдың адамы. Ол ұлттық құндылықтардың қадірлеушісі, бардың бағасын, жоқтың қадірін білетін адам.

Алаштың арман қаласы Алматыда да сол ұлттық құндылықтарды бағалаушы мұға­лім­дердің бірі – Аягүл Төреқызы Миразова. Ұстаздықтың осы қасиетті міндетін терең сезінгенде ғана ұлт ұпайы түгел болады. Ұлы Баукең Бауыржан Момышұлы «Ұстаз­дық ұлық емес, ұлы қызмет» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан Елбасы Жолдауында айтылғандай, осынау ұлы қызмет иелерінің мәртебесі әрқашан да биік, орны төрде болу керек.

Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Алматы қаласының Құрметті азаматы, Қазақ педагогика саласындағы Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері — Аягүл Төреқызы Миразова өзінің бір сұхбатында ұстаздар қауымы туралы былай дейді: «Ұстаздар шығармашыл, ізденімпаз болса, шәкірттерге деген ілтипаты мен берері мол болса, бұл оқушылардың бақыты. Балалардың арасында жүріп, олардың қуанышы мен жеткен жетістіктеріне куә болу, соған үлес қосу — ұстаздардың бақыты. Әрбір оқу жылының өз міндеттері мен талаптары болады. Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балаларға бірінші кезекте отансүйгіштік қасиетті сіңіруіміз қажет. Мектептің жақсылығы, нәтижелі болуы -ол ұстаздар қауымына тікелей байланысты. Оқушылардың мектепке күліп кіріп, күліп шығуы — ұстаздар жетістігінің айқын көрінісі. Сондықтан, бүгін мектепке келген балалар мен олардың ата-аналарына мектеп талаптарын түсіндіріп, баланың білімді және тәрбиелі болуына күш салуымыз керек. Бұл — үлкен жұмыс. Қазір ата-аналар балаларын үйлерінің қасындағы мектепке бере салмайды. Таңдайды. Алыстығына қарамай жақсы мектепке бергісі келеді. Бұл ата-ананың бүгінгі таңда баласының біліміне, болашағына бей-жай қарамағандығы. Ата-аналарға да артылар жауапкершілік үлкен. Біздің Отанымыз — Қазақстан. Бізде басқа Отан жоқ. Болашақ жастардың қолына. Сондықтан, Отанын сүйетін, еліне қызмет ететін, ата-анасын әлпештейтін, ұстазын сыйлайтын азаматтарды тәрбиелеп өсірсек, бұл міндетіміздің орындалғаны. Ұстаздардың жүгі жеңіл емес. Ұстаз ретінде әріптестеріме денсаулық тілеймін. Еңбектері жансын! Сол еңбектерінің рахатын көрсін! Беделімізді жоғалтпайық! Ұстаз деген ұлы атқа қай заманда да сай болайық!»

Кейінгі жас ұстаздар сіздің жасаған еңбегіңізді үлгі тұтып, сіздің бойыңызға дарытқан қасиеттеріңізді өз бойына дарытуға талпынып, алға ұмтылса, Қазақ елінің болашағы жарқын болады деп сенемін. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып,  шәкірт жүрегіне гүл егіп, бала жанының бағбаны аяулы ұстаздардың мәртебесі арта берсін! Иә, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақындар да, тегеуріне темір балқытқан жұмысшы да, егін еккен дихан да, мал бағып терін төккен шопан да бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаз Аягүл Төреқызының да қаншама маман иесін тәрбиелеп, қаншама елдің саналы азаматтарын, дара тұлғаларын өсіріп, елге қомақты үлес қосып келе жатқаны жанымызға қуаныш, бақыт сезімін ұялатады. Бүкіл тәрбиелеп өсірген шәкірттері құрметпен бас иеді ұлы ұстазға! Мәртебеңіз арта берсін, Аягүл Төреқызы!

 

Похожие публикации:

28 қараша 2018 Новости
20 қаңтар 2015 Хабарландыру